5-6 қыркүйекте С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ең ірі активі – «Ембімұнайгаз» АҚ үшін технологиялық міндеттерді әзірлеуге арналған фасилитациялық сессия өтті.
«Ембімұнайгаз» елімізде мұнай мен газ өндірудің едәуір бөлігін қамтамасыз ете отырып, 35 кен орнын пайдаланады. Іс-шара аясында Атырау мұнай және газ университетінің, сондай-ақ «ҚМГ Инжиниринг» Атырау филиалының Ғылыми-зерттеу қызметімен және зертханалық базасымен таныстыру өтті.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылым үшін міндеттер қою мен басымдықтарды белгілеу тәсілдерін қайта қарауға бағытталған саясаты шеңберінде ғылыми-инновациялық хакатондар белсенді жүргізілуде. Бұл іс-шаралар өнеркәсіптік кәсіпорындардың қолданбалы міндеттерін шешуге бағытталған және бизнес үшін технологиялық шешімдерді құруда маңызды рөл атқарады.
Сессияның негізгі мақсаты компанияның өзекті сын-қатерлері мен даму перспективаларын талқылау болды. Ғалымдар мен сарапшылар негізгі проблемаларды белгілеп, оларды шешу жолдарын ұсына отырып, мұнай-газ саласының жай-күйіне өз көзқарастарын бөлісті. Сессияның қорытындысы практикалық іске асыруға бағытталған бірқатар технологиялық міндеттер мен жобаларды қалыптастыру болды.
Талқылауға жетекші ғылыми және білім беру мекемелерінің өкілдері, атап айтқанда, Назарбаев Университеті, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті, Алматы энергетика және байланыс университеті, сондай-ақ «ҚМГ Инжиниринг», Ә.Б.Бектұров атындағы химия ғылымдары институты, Д.В.Сокольский атындағы отын, катализ және электрохимия институты, өнеркәсіптік серіктестер, соның ішінде Шлумбергер және Губкин университеті талқылауға белсенді қатысты.
Министрлік атынан Ғылым комитеті төрағасының орынбасары А.С.Рамазан ғылымды қаржыландырудың басым бағыттары туралы баяндама жасады.
Сессия барысында ғылыми және өндірістік қоғамдастық бірлесіп 20-дан астам шешім ұсынды. Алдағы уақытта бұл шешімдерді «ЕМГ» АҚ қарайтын болады, ал ең тиімдісі Самғау ҒТБО арқылы қаржыландырылады, сондай-ақ ҚР ҒЖБМ гранттық қаржыландырудың басым бағыттарына енгізіледі. Алдағы уақытта мұндай сессиялар Самұрық-Қазына компаниялар тобының басқа еншілес ұйымдары үшін өткізілетін болады.
Іс-шара ғылыми қоғамдастық пен өнеркәсіп арасындағы ынтымақтастықты нығайту жолындағы негізгі қадамдардың бірі болды. Сессия нәтижелері кейінгі зерттеулер мен әзірлемелердің негізін құрайды, бұл ғылым мен өндірістің өзара ынтымақтастығын күшейтуге мүмкіндік береді.